БІЛІМ КҮНІ – ЖАҢА БЕЛЕСТЕРГЕ БАСТАР ҚАДАМ!
БІЛІМ КҮНІ – ЖАҢА БЕЛЕСТЕРГЕ БАСТАР ҚАДАМ! 1 қыркүйек күні Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде 2026–2027 оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиын өтті. Биылғы іс-шара «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбына арналды. Салтанатты жиынға колледж әкімшілігі, оқытушылар, 1-курс білім алушылары және ата-аналар қатысты. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, колледж директоры Жаканова Гүлжан Шәмілқызы жаңа оқу жылының басталуымен барша білім алушылар мен ұстаздарды құттықтап, студенттерге сәттілік пен толағай жетістіктер тіледі. Салтанатты жиын барысында колледждің белсенді жастары да марапатталды. Халықаралық жастар күніне орай Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Алғыс хатымен марапатталған Студенттік парламент президенті, 3-курс студенті Ералы Жансұр Нұралыұлы көпшілік алдында құрметке бөленді. Ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген қанатты сөзі бүгінгі жас ұрпаққа артылған үлкен сенім мен жауапкершілікті айқындайды. Білім – ұлттың тірегі, ал адал әрі жауапты азамат – елдің ең үлкен байлығы. Жаңа оқу жылы әр студент үшін жаңа білімнің, жарқын мүмкіндіктердің, достықтың, кәсіби дамудың және үлкен жетістіктердің бастауы болсын!